Ашық диалог алаңына «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған, Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова, облыс орталығы мен өңір аудандарынан жиналған жас көшбасшылар қатысты.
Кездесуде жастардың жұмыспен және тұрғын үймен қамтылуы, бәсекеге лайықты білім алуы, шығармашылық қабілетін шыңдауы, кәсіпкерлікті дамытуы және өзге де басым бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды.
Ақын Дәурен Шамұратов белсенді жастардың бастамаларын қолдау, еріктілердің еңбегін ескерудің маңызын атап өтті. Журналист Мейрамбек Сыдықов ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік жөнінде сөз қозғады. Бәйтерек ауданынан келген жас көшбасшы Дархан Қуатов ауыл жастарын қолдау тетіктерін одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру туралы ұсыныс айтты.
«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған бұл басқосу жастардың мәселесін олардың өз аузынан естіп, шешу жолдарын бірлесе талқылау үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол саяси ұйымның «Жастар рухы» жастар қанаты да бірқатар бастама көтеріп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Жеке өзі де, әріптестері де белсенді жастармен тұрақты байланыс орнатуға, бүгінгідей «бір толқында» болуға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында халық саны 700 мыңға жуықтаса, оның шамамен үштен бірін жастар құрайды. 105 мыңнан астам жас қалада, 80 мыңдай жас ауылдық елді мекенде тұрады.














