Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында Жиембет жыраудың ұрпағы Шотан Көбейұлына тұрғызылған кесененің ашылу рәсімі өтті. Жетікөл ауылдық округінің Қырыққұдық елді мекені аумағындағы жаңа нысан Жиембет жырау ұрпақтарының күшімен бой көтерді. Тарихи деректерге сүйенсек, Шотан Көбейұлы 1790-1853 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол даналығымен, көрегендігімен ерекшеленіп, көріпкелдік қасиеті бар әулие атанған. Төл тарихты түгендеген бүгінгі ұрпақ тұлғаның рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Мұнан соң Жетікөл ауылдық мәдениет үйінде Жиембет Біртоғашұлының 450 жылдығына арналған кезекті конференция өткізілді. Оған М.Өтемісов атындағы БҚУ оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Жиембет жырау атындағы қоғамдық қор өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты. Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айдархан Рамазанов Атырау облысы мен өңір аудандарынан жиналған қонақтарға «қош келдің» айтып, өткенге құрмет бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін атап өтті. Тақырыптық көрме таныстырылып, мектеп шәкірттері Жиембет жыраудың жыр-толғауларынан үзінділер оқыды.

Ғалым Абат Қыдыршаев біртуар тұлғаның балалық шағы, азаматтық болмысы мен турашылдығы туралы нақты деректерге негізделген мазмұнды баяндама жасады. Ол жер дауы, жесір дауы кезінде жырау мен хан арасында түсініспеушілік туындағанда от ауызды, орақ тілді ақын «бетің бар, жүзің бар» демей, өткірлік пен батылдық танытқанын тілге тиек етті.

1 / 4
Кадрларды сырғыту, нүктелер немесе сол және оң жақ көрсеткі пернелері арқылы ауыстыруға болады.

Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз Сара Айтекешова Жиембет Біртоғашұлының есімін, еңбегі мен ерлік істерін жан-жақты насихаттаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Жиембет руының өкілдері кейінгі жылдары мазмұнды іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Ендігі міндет – біртуар тұлғаның мол мұрасын жинақтап, жорық жырлары мен толғау өлеңдерін топтастырып, кітап етіп басып шығару.

Атырау облысының тұрғыны Жұмагерей Жакесбай, еңбек ардагерлері Нұргерей Қонысов, Қаржаубай Аманғалиев ой-толғамдарын ортаға салып, атқарылып жатқан жұмыстың барлығы ұрпақтар сабақтастығын үзбеуге, өткеннен өнеге алуға, бабалар аманатына адалдық танытуға бағытталғанын жеткізді.

Жас педагог, алаштанушы Ерқанат Қажымұрат Жетікөл өңірінен шыққан Жиембет руы өкілдері туралы нақты деректер келтірді. Жиналғандар Жиембет жырау қорының тапсырысымен дайындалған анимациялық туындыны тамашалады. Онда жырау, би әрі батыр болған сан қырлы тұлғаның Есім ханмен қарым-қатынасы, өскен өлкеге, туған халқына деген махаббаты баяндалады.

Жетікөл ауылының тумасы Ғафуррахим Қабдығалиев елдің елдігі мен бірлігі үшін ризашылығын жеткізсе, ұйымдастыру алқасының төрағасы Қайрат Зинуллин мазмұнды шараға белсене қатысқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.

1 / 4
Кадрларды сырғыту, нүктелер немесе сол және оң жақ көрсеткі пернелері арқылы ауыстыруға болады.

Жиембет жырау ұрпақтары бұл жұмыстар жүзге, руға бөліну емес, қайта бірігуге, ұлт болып ұйысуға, тәуелсіз мемлекеттің тұғырын бекіте түсуге бағытталғанын атап өтті. Жиналғандар жыл соңына дейін Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында республикалық ғылыми конференциялар өткізуге уағдаласты.

Sumbile.kz