Әже сөзі – тәрбие көзі. Қадірлі қонақтар бүлдіршіндерге әдеп әліппесін үйретіп, тәлім-тәрбие берді. Баба дәстүрі дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды.
Әжелер бөбекжай тәрбиеленушілеріне қазақтың қолөнер бұйымдарын, соның ішінде ұлттық әшекей түрлерін таныстырды. Бүлдіршіндер бабадан жеткен жәдігерлерді қызығушылықпен тамашалап, түрі мен тарихын зердесіне тоқыды.
Бұл күні балалар емес, әжелер өнер көрсетті. Олар домбыра тартып, ән шырқады. Ұлттық аспаптың үні мен әжелер әні бүлдіршіндерді баурап алды.
Кішкентай шәкірттер тоқыма өнерінің де әліппесін үйренді. Әжелер балаларға жіппен жұмыс істеуді, тоқудың қарапайым тәсілдерін көрсетіп, өз қолымен бұйым жасауға баулыды.
Ұйымдастырушылар тағылымды челленджді одан әрі жалғастыруға ниетті. Олардың айтуынша, әженің мейірімі мен өнегесі, баланың қызығушылығы мен қуанышы тоғысқан мұндай кездесулер ұлттық құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына жол ашады.











