Тиісті меморандумдарға Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин қол қойды. Бұл құжаттардың мақсаты — елдер арасындағы озық технологиялар мен инновациялар алмасуды күшейту.
Көрнекісурет: Steve Jurvetson · CC BY 2.0. Өлшемі мен форматы өзгертілді. Бұл оқиға орнында түсірілген фото емес.
Тараптар Siemens AG компаниясымен цифрлық трансформация бағытында ынтымақтастық орнатуға келісті. Бұл ретте Siemens Xcelerator платформасы мен өнеркәсіптік жасанды интеллект шешімдерін пайдалану қарастырылған.
Министрлік сондай-ақ Nextcloud GmbH компаниясымен цифрлық егемендік және ашық бастапқы кодты бағдарламалық қамтамасыз ету саласында уағдаластыққа қол жеткізді. Аталмыш шешімдер Германияның мемлекеттік басқару секторында қолданылады.
Astana Hub мен Constructor Start стартаптарды дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істейді. Серіктестер акселератордың озық тәжірибелерімен алмасып, қазақстандық стартаптардың еуропалық нарыққа шығуына қолдау көрсететін бірлескен бағдарламалар әзірлейді.
Іскерлік байланыстарды арттыру мақсатында Messe Frankfurt GmbH компаниясымен де меморандум жасалды. Бұл серіктестік Қазақстанда ірі халықаралық іс-шаралар өткізуге, іскерлік туризмді дамытуға және технология алмасуға жол ашады.
Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Fraunhofer IPK өнеркәсіптік жасанды интеллект, қолданбалы зерттеулер мен технологиялар трансфері бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Негізгі бағыттардың қатарына цифрлық өндіріс, автоматтандыру, Индустрия 4.0 және Alem.AI платформасы негізіндегі ғылыми-зерттеу жобалары кіреді.




